Қазақстандағы шетелдік психодиагностикалық құралдарды бейімдеудің қазіргі жағдайы: аналитикалық шолу

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.2657/x1dka313

Түйін сөздер:

психодиагностика, тестілерді бейімдеу, кросс-мәдени бейімдеу, валидизация, психометрика, халықаралық стандарттар.

Аңдатпа

Зерттеудің өзектілігі Қазақстанда шетелдік психодиагностикалық әдістемелердің кеңінен қолданылуымен және оларды қазіргі халықаралық психометриялық талаптарға сәйкес толыққанды кросс-мәдени бейімдеу қажеттілігімен айқындалады. Зерттеудің мақсаты – Қазақстандағы шетелдік психодиагностикалық құралдарды бейімдеу мен валидизациялаудың қазіргі жағдайын талдау және осы бағыттағы негізгі әдіснамалық мәселелерді анықтау. Зерттеу материалдары ретінде 2013–2026 жылдар аралығында Қазақстанда психологиялық әдістемелерді бейімдеу және валидизациялауға арналған ғылыми мақалалар мен диссертациялық жұмыстар алынды. Қайталанатын және жеткілікті ақпарат қамтымаған жұмыстарды алып тастағаннан кейін қорытынды талдауға 22 бірегей зерттеу енгізілді. Сараптамалық психометриялық бағалау International Test Commission ұсынымдары және AERA/APA/NCME стандарттары негізінде жүргізілді. Нәтижелер талданған зерттеулердің халықаралық психометриялық талаптарға орташа сәйкестік деңгейі 39,1% болғанын көрсетті. Ең жиі сақталған талаптар шкалалардың ішкі келісімділігін бағалау (95,7%), тестілеу форматы мен рәсімдерінің сәйкестігі (78,3%) және тармақтардың мағыналық баламалылығы (56,5%) болды. Сонымен қатар, зерттеулердің ешқайсысында тапсырмалардың дифференциалды қызмет етуін талдау (DIF) жүргізілмеген, өлшеу инварианттылығы бағаланбаған және өлшеудің стандартты қатесі (SEM) есептелмеген. Когнитивтік сұхбат зерттеулердің тек 4,3%-ында толыққанды жүргізілген, ал әдістемені қолдану және бейімдеу үшін құқық иесінің ресми рұқсаты 26,1% жағдайда ғана көрсетілген. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы Қазақстандағы шетелдік тестілердің психометриялық бейімделу жағдайын жүйелеу және олардың валидизациясындағы ең проблемалы кезеңдерді анықтаудан тұрады. Алынған нәтижелер әдістемелерді кросс-мәдени бейімдеуге қойылатын талаптарды күшейту, психометриялық талдаудың заманауи әдістерін кеңінен қолдану және диагностикалық құралдардың қазақстандық нұсқаларын әзірлеу кезінде халықаралық стандарттарды сақтау қажеттігін көрсетеді.

Жарияланды

2026-09-21